Павлодарда медицина мекемелеріне 17,9 млн теңге айыппұл салынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар облысында тексерілмеген құрылғыларды қолданған 14 медицина мекемесіне 17,9 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облыстық департаменті 14 денсаулық сақтау ұйымының қызметін тексерген. Нәтижесінде барлық медициналық мекемелерде тексеруден өтпеген өлшеу құралдары пайдаланылғаны анықталды.

Құзырлы орган дерегінше, аталған ұйымдарда пайдалану мерзімі өтіп кеткен жүрек дерттерін анықтауға мүмкіндік беретін электрокардиограф, тамыр соғысы мен қан құрамындағы оттегі мөлшерін бақылайтын пульсоксиметрлер қолданыста болған. Сонымен қатар, тексерілмей пайдалануға берілген ауыр жағдайдағы науқастың денсаулығы туралы мәліметтер көрсетілетін мониторлар, УДЗ аппараттары мен тонометрлер анықталған.

«Департамент облыстың қалалары мен аудандары прокуратураларының ұсынымдары негізінде медицина мекемелерін әкімшілік жауапқа тартты. Нәтижесінде салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 17 903 235 теңгені құрады. Қазіргі уақытта әкімшілік айыппұлдар толық көлемде төленді», - деп мәлім етті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда тексерілмеген медициналық құрылғыларды пайдалануға жол берген аурухана директорына айыппұл салынғанын жазып едік.