Павлодарда мектеп жәрмеңкесі өтті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында үш ұйымның өкілдері тұрғындарға мектепке арналған тауарларды арзандатылған бағамен ұсынды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Жәрмеңке сағат 10:00-де басталып, 18:00-ге дейін жалғасты. Павлодарлықтарға оқуға керекті тауарлар 15-20 пайыз жеңілдікпен сатылды.

«Біз альбомды, бояуларды, қарындаштарды, дәптерлерді жеңілдетілген бағамен алдық», - деді қала тұрғыны Жанар Әміркенова. - Шараның аясы шектеулі екені өкінішті. Киімдерді қарастырмақ болғанбыз».  

  Қалалық білім бөлімі бас маманы Сағындық Шәкеновтің айтуынша, жәрмеңкеге сегіз ұйым қатысады деп жоспарланған.

«Мектепке арналған киімдермен айналысатын ұйымдар соңғы сәтте бас тартты», - деді Сағындық Шәкенов. - Ата-аналар балаларына киім алулары үшін тағы бір жәрмеңке ұйымдастыруымыз мүмкін».