Павлодарда мемлекеттік қызмет саласында қандай мамандар жетіспейді

Фото: gov.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қазіргі уақытта облыста мемлекеттік қызмет бойынша 90-нан астам вакансия бос тұр. Оның басым бөлігі – ауылдық жерлерде. 

Павлодар облысында 3 599 мемлекеттік қызметші бар. Ауылдық жерлерде 900-ге жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтегілердің 70%-ы, яғни 2 514-і – әйел адам. Бұлардың ішінде 433 әйел адам лауазымдық қызметтерді атқарып отыр.

– Өңірдегі мемлекеттік қызметтің негізгі бағыттарында кадрлар тапшылығы байқалады. Аса сұранысқа ие мамандардан экономистер, бухгалтерлер, заңгерлер, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және инженерлік-өңдеу саласының мамандарын айтуға болады. Жалпы 90-нан астам маман қажет болса, оның 80-і ауылдық жерлерге тән, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин.

Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 42,1 жасты құрап отыр. Кадрлардың «қартаю» процесі байқалмайды. Бұл ретте кадрлар құрамын біртіндеп жаңарту және мемлекеттік қызметке жас мамандарды тартуға мән беріліп жатыр. Кәсіби әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану мақсатында кадрларды жоспарлы ротациялау жүзеге асырылады. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялаудың 2025 жылға арналған жоспарына сәйкес, облыстық басқармалар басшылары мен басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатарынан 9 мемлекеттік әкімшілік қызметші ротацияланған.

Атап өтерлігі жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан конкурстық іріктеу мәселелері бойынша заңбұзушылықтар азайған. 

Еске сала кетейік, мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллект курстары міндетті болады.