Павлодарда Мемлекеттік туды дронмен көтеруден рекорд орнатылды

Фото: Видеодан алынған кадр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - ҚР Конституциясының 30 жылдығы аясында ел тарихында алғаш рет көлемі 16 × 8 метр болатын Мемлекеттік Туымыз дронның көмегімен көкте желбіреді.

Мемлекеттік Ту айтулы датаға арнайы дайындалған, салмағы 60 килограм. Жүк көтергіштігі 120 килограмм болатын бір дрон туды 180 метр биіктікке көтеріп, Павлодар қаласының орталық жағалауында орналасқан бас сахна - «Ertis Promenade» үстінен алып өтті. Бұған дейін әлемде мұндай көлемдегі туды үш дронның көмегімен алып ұшқан екен. Ертіс жағасында жаңа рекорд тіркеліп отыр.

Рекордты ресми тіркеу үшін Павлодарға WBR (Дүниежүзілік рекордтар кітабы) Азия және Африка елдері бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Құдайбергенов Қуандық арнайы келді. 

Аталған іс-шара облыс әкімдігінің, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен іске асты. 

«Бұл жобаны біз тек рекорд орнату мүмкіндігі ретінде ғана емес, ұлттық бірліктің және қазақстандық патриотизмнің символы ретінде қарастырамыз. Жас ұрпақ үшін бұл Отанға, халқына және Мемлекеттік рәміздерге деген сүйіспеншілікті айқын сезіндіретін жарқын белгі болмақ», - деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушы «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының өкілдері.

Бұған дейін Ертіс бойында тігілген алып кимешек халықаралық рекордтар кітабына енген.