Павлодарда мердігерлердің 20 құрылыс лицензиясы тоқтатылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құрылыс компанияларына жоспардан тыс 63 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 85 хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 36,6 млн теңгені құраған.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қазбек Арантаевтың хабарлауынша, ең жиі анықталған заңбұзушылықтар қатарында құрылыс-монтаж жұмыстарын хабарлама жібермей жүргізу, жобалық құжаттаманың және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының болмауы, сондай-ақ құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталмауы бар.

- Есепті кезеңде жоспардан тыс 63 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 85 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы - 36,6 млн теңге. Сот шешімімен Павлодар қаласында өз бетінше салынған екі нысан сүрілуге жатады. Прокуратураның ұсынысы негізінде құрылыс, жобалау және инженерлік ізденіс қызметімен айналысатын 52 лицензиат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 6,4 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, 20 лицензияның қолданылуы тоқтатылды, - деп мәлімдеді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, Алматыда 350 құрылыс компаниясының лицензиясы тоқтатылды.