Телеарнаның хабарлауынша, Павлодарда мұнай өнімдерін вагондап шетел асыруға әрекеттенген компания өкілдері ұсталған. Ал, кей жанар-жағармай құю бекеттері қолдан қымбатшылық жасап, бағаны заңсыз көтерген. Жалпы Павлодар облысы Ресейдің үш бірдей өңірімен шектеседі. Сондықтан өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілген.
Мұндағы Павлодар мұнай-химия зауыты күніне 6 мың тонна бензин, тура осынша көлемде дизель шығарады.
Зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімовтің айтуына қарағанда, жанармайға сұраныс артатын кезең келгендіктен, зауыт кешеден бері екі өнімнің де өндіріс көлемін 8 мың тоннаға арттырған.
«Аймақтағы 147 жанармай құю бекетінің 52-сі бензин мен дизельді зауыттан тікелей алып отыр. Талонмен босату енгізілмеген, сатылымға шектеу жоқ.
Бүгінгі таңда біз 2 млн 998 мың тонна мұнай өндірдік. Дайын өнімнен 856 мың тонна бензин, 974 мың тонна дизель отыны шығарылды. Жылдық жоспарымыз 5 млн 466 тонна шикі мұнайды өңдеу. Біз оны орындаймыз», - дейді зауыт басшысы.
Өндіріске жауапты кәсіпорын тапшылық туғызбау үшін осылай жұмыс істеп жатқанда кей кәсіпкерлер өнімді көтерме бағамен сатып алып, алыпсатарлық арқылы артық пайда таппақ болған.
Экономикалық қылмыстарды тергеп-тексеру департаментінің бастығы Арман Жүнісовтің айтуынша, тамыз айында Павлодар өңірінде заңсыз жанармай айналымымен айналысқандарға қарсы екі іс қозғалған.
«Бізде бір компания Өзбекстан мен Тәжікстанға детонацияға қарсы қоспа ретінде көрсетіп, он вагон мұнай өнімдерін шығармақ болды. Вагондарды тексерген кезде ішіндегісі қоспа емес, бензин болып шықты.
Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы жағармай бекеттерінде мұнай өнімдері қымбат бағамен сатылған. Қазір тексеру жүріп жатыр», - дейді департамент басшысы.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Ибрагим Тангиев бензин бағасын орынсыз көтеру дерегі болғанын растап отыр.
«Біздің департаментке Май ауданы әкішілігінен хат түсті. Жанар-жағармай бағасын негізсіз қымбаттатып отыр делінген. Расында да «АИ-92» маркалы бензинің бағасын 8 теңгеге көтеріп жіберген. Ал, дизельді 230 теңгеден емес, 250 теңгеден сатқан. Кәсіпкерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Тағы қайталаса, сатылымдағы өнімді тәркілеп, лицензиясынан айырамыз», -дейді ол.
Қазір Павлодар облысында мұнай өнімдері тапшылығын тудырмас үшін кешенді жұмыс жоспары бекітіліп, тексеруші, бақылаушы органдар тегіс жұмылдырылған.
Еске салсақ, Энергетика министрлігінің ұсынысымен елімізде транзиттік көліктерге дизель отыны сараланған бағамен сатылып жатыр.