Павлодарда науқас баланың мас әкесі жедел жәрдем қызметі өкілдерін сабап тастады

ПАВЛОДАР.ҚазАқпарат - Жедел жәрдем қызметінің өкілдеріне науқас баланың мас әкесі күш қолданып, туыстары көлікпен қуған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жедел жәрдем қызметінің өкілдері кеше түнде ауырып жатқан баланы қарауға шықты. Дәрігерлер тиісті мекенжайға келген соң, баланың жедел-респираторлы вирусты инфекция жұқтырғанын анықтады. Дәрігерлер науқасты ауруханаға алып кетпек болғанда, баланың анасы оған қарсы болды. Осыдан соң дәрігерлер жиналып кетпек болып, көліктеріне отырғанда, баланың спиртті ішімдікке масайған әкесі көліктің есігін ашып, мамандарға қол жұмсай бастаған»,-деді агенттік тілшісіне Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Оның сөзінше, жедел жәрдем қызметінің өкілдері көліктеріне мініп, кезекті жерге шақыртуға шыққан. Ал, баланың туыстары «джип» көлігіне мініп, жедел жәрдем қызметінің соңына түскен.

Соққыға жығылған медицина мамандары Павлодардың 1 қалалық ауруханасының жарақат бөліміне келген. Оларды тексеру барысында миы шайқалып, жабық бассүйек жарақатын алғаны, бет терісіне зақым келгені анықталды, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

«Олар қазір амбулаториялық ем алып жатыр, ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиғаның деректері Полиция департаментіне жолданды», -деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының өклдері.



Антон Гагарин