Павлодарда нөсер жауыннан кейін 5 мың үй жарықсыз отыр, бағдаршамдар істемейді
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты қазіргі таңда Павлодар қаласында 5 бағдаршам жұмыс істемейді. Апатты жоюмен 2 бригада айналысып жатыр», - деп хабарлады журналистерге Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Қалада жаңбыр суын соруға 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған.
«Сонымен қатар, қазіргі уақытта 5 237 тұтынушы электр қуатынсыз қалды: жеке тұлғалар - 4 986, заңды тұлғалар - 251», - деп хабарлады Павлодар әкімдігі.
Солтүстік (Назарбаев ауданы – Лермонтов – Бұқар жырау – Торайғыров көшелері), Оңтүстік (Ворушин – Циолковский көшелері ауданы), Орталық (Катаев ауданы – Шөкин – Назарбаев – Толстой көшелері, Толстой көшесі бойы – Кіші айналма жолы), Батыс (Радиозауыт ауылының ауданы) стансаларда жарық өшірілген.
Қала мен қала маңындағы залалды жоюға 19 адам мен 5 техника жұмылдырылды.
Жылу және су желілерінде ақау болған жоқ.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС, «Павлодар-Водоканал» ЖШС қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.