Павлодарда «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын пәтерлердің шаршы метрі 140 мың теңге болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Павлодар облысында жалпы аумағы 91 мың шаршы метрді құрайтын 16 тұрғын үй салынбақ. Жаңа үйлердің бір шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық құрылыс жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Раисов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингде мәлім етті.

- Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 374 пәтерлі 5 көп қабатты тұрғын үй бой көтеретін болады. Оның үшеуі Павлодар қаласында, біреуі Екібастұз қаласында, біреуі Ақсу қаласында салынады. Облыс орталығында салынатын үйлердің барлығы «Сарыарқа» шағын ауданында орналасады. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы 11 несиелік тұрғын үйдің құрылысы басталады. Олардың алтауы Павлодар қаласына, үшеуі Екібастұз қаласына, екеуі Ақсу қаласына жоспарлануда. Осы жылы салынатын барлық тұрғын үйлердің жалпы аумағы 91 мың шаршы метрді құрайды. Бағалары бір шаршы метрі 140 мың теңгеден аспайды, - дейді Рүстем Раисов.

Несиелік бағытта салынатын 374 пәтерлі бес үй халықтың барлық санаттарына «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы беріледі.

Сонымен қатар, 212 пәтерлі екі жалдамалы баспана салынады. Оның бірі Павлодар, екіншісі Екібастұз қаласында тұрғызылады. Мұндай үйлерге мемлекет тарапынан үй алу үшін кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары қоныстанады. Бұл үйлердің барлығы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс кәсіпорындар да өз қаражаттары есебінен үй тұрғызуға құлшыныс танытуда. Мәселен, «Бәйтерек Девелопмент» АҚ қазіргі таңда төрт тұрғын үйдің құрылысын жүргізуден. Одан бөлек, тағы үш үйдің құрылысын қаржыландыруға өтініш берген.