Павлодарда оқушы туберкулез жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қыз бала Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығына орналастырылған. Қазір оған қажетті медициналық ем-дом көрсетіліп жатыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Павлодар облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, дарынды балаларға арналған № 3 гимназия оқушыларының бірінде туберкулезге күдік бары туралы хабарлама 7 қазанда түскен. Уәкілетті органдардың нұсқамасына сәйкес қажетті профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілген.

Ал кәмелетке толмаған қыз ем қабылдау үшін ауруханаға жатқызылған. Қазір дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

— Кәмелетке толмаған баланың денсаулық жағдайына қатысты қосымша ақпарат Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады Павлодар облысының білім басқармасынан.

Сондай-ақ басқарма сынып оқушыларында Манту сынамасы жүргізілгенін, оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындар дезинфекциялық өңделгенін мәлім етті. Флюорографиялық тексеруден өту мерзімі жақындаған қызметкерлерді емханаларға бағыттау көзделген.

Еске сала кетейік, Қарағандыдағы жоғары оқу орнында үш студент туберкулез жұқтырғаны айтылды.