Павлодарда оқушы қыздарды қағып кеткен трамвай жүргізушісі 2 айға қамауға алынды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының №2 қылмыстық соты апалы-сіңлілі екі оқушы қызды қағып кеткен трамвай жүргізушісін қамауға алу жөнінде шешім шығарды, деп хабар береді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сот «көлік құралын басқарушы тұлғаның абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы» бабы бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасауда айыпталушыға қатысты жаза қолдану шараларын таңдау туралы материалдарды қарап шықты, - деп мәлімдеді судья Әсет Сүлейменов. - Соттың шешімімен трамвай жүргізушісіне екі айға қамауға алу түріндегі жаза белгіленді».

30 жастағы жүргізуші қамаудан 8 қарашада шығады. Сотта жас келіншектің алты жастағы қызы бар екені айтылды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары әлі жалғасуда. Қамауға алу өтінішін полиция білдірген, оны прокурор қолдаған.

Бүгінгі таңда трамвай қағып кетуінің салдарынан қаза болған он жасар Махаббат Масғұтты жерлеу рәсімі өтті. Оның денесімен ата-анасы, сыныптастары, достары, жақындары қоштасты.