«Азамат Ұйықбаев қосымшаға жүргізуші болып тіркелгені рас, алайда ол сол күні мобильді қосымша арқылы тапсырыс алмаған. Жүйеде қолданушылардың деректері, тарихы мен тапсырыс географиясы тіркеледі. Басқа жағдайда ақпарат тек құқық қорғау органдарына беріледі», - деп хабарлады inDriver сервисінің баспасөз қызметі.
«Азаматтың туыстары мен жақындарына қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтамыз. Компания оның отбасына көмек көрсетпек. Жүргізушілерден кешқұрым жол-жөнекей жолаушы алмауларын сұраймыз», - делінген компанияның хабарламасында.
Еске салайық, полиция 16 желтоқсанда такси жүргізушісі Азамат Ұйықбаевтың денесін Павлодар-Омбы тасжолынан тапқан. Жас жігітті белбеумен қылқындырып өлтірген. Оған қастандық жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Олар жігітті өлтіріп, көлігін алып кеткен. Арасында «inDriver» мобильді қосымшасы арқылы тапсырыс қабылдайтын 28 жастағы Азаматтың артында үш баласы мен әйелі қалды.