Павлодарда Олжас Тоқтаровтың тәркіленген сыра зауыты аукционға шығарылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа тиесілі болған «Жаңа Роса» сыра зауытының мүліктік кешені аукционға қойылды. Тәркіленген лоттың бастапқы бағасы 19,3 млрд теңгені құрап отыр.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Мүліктік кешен заңсыз активтерді жымқыру айыбымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған Олжас Тоқтаровтың ісі бойынша мемлекет пайдасына тәркіленген болатын. Павлодар және Екібастұз қалаларында орналасқан өндірістік ғимараттар мен жабдықтардың жиынтық бастапқы бағасы - 19,3 млрд теңге.

Аукцион 14 тамыз күні сағат 10.00-де бағаны төмендету әдісімен өткізілетіні көрсетілген. Сатушы - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Павлодар мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Сауда-саттыққа ұсынылған нысандар қатарында:

- Ауданы 8,6 мың шаршы метрден асатын әкімшілік ғимарат;

- Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрден асатын өндірістік цехтар;

- Дайын өнім, шикізат пен ыдыстарға арналған 6 ірі қойма;

- Казандық, зертхана, автотаразы, гараждар және өзге де инфрақұрылымдар;

- Павлодар қаласындағы жалпы аумағы 5,8 гектарды құрайтын 8 жер учаскесі;

- Екібастұз қаласында орналасқан жылжымайтын мүлік нысаны бар.

2026 жылдың сәуір айында жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша зауыттың нарықтық құны 6,4 млрд теңге көлемінде белгіленген.

Еске сала кетейік, 2024 жылғы қыркүйек айында Антикор Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты жауап алуға шақырған болатын.

Алғашқыда Олжас Тоқтаровқа және өзге де тұлғаларға қатысты банк активтерін жалған агенттік қызметтер көрсету және бақылауындағы «SKK Tennasy Group» ЖШС пайдасына Алматы қаласы Қобдолов к-сі 22 «Б» бизнес-орталық ғимаратын заңсыз иеліктен шығару арқылы аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергелді.

Ал 2025 жылдың сәуір айында Астана банкінің бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровқа сырттай сот үкімі шықты.

Сот материалдарына сүйенсек, 2015 жылы Олжас Тоқтаровтың бастамасымен Павлодар сыра зауытын АТФ Банктен сатып алу үшін «Жаңа Роса» ЖШС құрылған. 2016 жылы аталған кәсіпорын Астана банкінен 1,8 миллиард теңге көлемінде қарыз алған.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тексерісі бұл несиенің банктің несиелік саясатын өрескел бұза отырып берілгенін анықтады. Мәселен, компанияның жұмыс істеп тұрғанына бір жыл толмаған, кепілзаты болмаған, ал қаржылық көрсеткіштері шығынды көрсетіп тұрған. Сот шешіміне сәйкес, О. Тоқтаров Банктің Директорлар кеңесін басқара отырып, осы несиелік қаражат арқылы үлестес тұлғалар мен жақындарының атына зауытты заңсыз сатып алған.

Тергеу барысында кәсіпорынды О. Тоқтаровтың өзі басқарғаны, ал ресми құрылтайшылары мен басшылары ретінде оның жақын туыстары мен бұрынғы банк қызметкерлері тіркелгені дәлелденді.

Нәтижесінде, сот үкімімен зауыт мүлкі толығымен мемлекет меншігіне тәркіленген болатын.