Оқиға 2025 жылдың қазан айында Екібастұз қаласындағы оңалту орталығында болған. Самал Нұрашева мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отыр. Сабақтардың бірінен кейін ол қызының қолы ауыратынына назар аударған. Кейін әйел әлеуметтік желілерде шағымын және бейнебақылау камераларынан түсірілген жазбаларды жариялады. Бейнежазбада бейімделген дене шынықтыру нұсқаушысының балаға дөрекі қарым-қатынас жасағаны көрінеді.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін сотқа жетті. Сот отырысы барысында куәлар мен жәбірленуші тараптың жауаптары, сараптамалардың қорытындылары және бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді.
- Бала онсыз да ауырады, оның толыққанды бақытты балалық шағы жоқ. Осындай қарым-қатынас жасауға не себеп болғанын әлі күнге дейін түсінбеймін. Бір жылға жуық уақыт бойы біз белгісіз жағдайда өмір сүріп келеміз. Бұл оқиғаға дейін жақсы нәтиже көрсетіп, жағдайы жақсарып келе жатқан қызымның дамуында кері кету тіркелді, — деді сот жарыссөзінде қыздың анасы Самал Нұрашева.
Айыпталушы 19 жастағы ер азамат. Сотта ол оңалту орталығында тағылымдамадан өткенін айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сонымен қатар ол қыздың анасынан кешірім сұрады.
Прокурор сотталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, кейін рақымшылық жасау туралы өтініш білдірді. Сот оның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.
- ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар үш жыл мерзімге педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылсын, - деген үкім шығарды Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жұлдыз Камалова.
Сот жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қолданып, жас жігітті жазадан босатты. Сонымен бірге сот оны материалдық және моральдық зиянды өтеуге міндеттеді. Өтемақының жалпы сомасы 1 млн 850 мың теңгені құрады.
Еске сала кетейік, Маңғыстауда бір топ жасөспірім қызды ұрып, оқиғаны видеоға түсірген.