Павлодарда өндірілетін АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндері талапқа сай — ҚазМұнайГаз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар мұнай-химия зауытының АИ-95 және АИ-98 маркалы автокөлік бензиндерінің арбитраждық сынамаларын тексеру нәтижелері белгілі болды.

Фото: Рixabay

«ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 25 тамызда ПМХЗ-да өндірілген бензиннің арбитраждық сынамалары «SGS Kazakhstan» тәуелсіз зертханасында тексерілді. Әлемнің 115 елінде қызмет көрсететін халықаралық компания арбитраждық сынамалардың ГОСТ 32513 стандартына толық сәйкес екенін растады.

— Павлодар мұнай-химия зауыты өндірген АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиндері Кедендік одақтың ТР ТС 013/2011 техникалық регламенті мен ГОСТ 32513-2013 талаптарына сай келеді. Зауыттан жөнелтілген бензин партиялары өнім сапасының жоғары екенін дәлелдейді, — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде АИ-95 және АИ-98 маркалы бензинді пайдаланғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан жүргізушілердің шағымы тараған еді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі арнайы тексеріс жұмыстарын бастағады

Сондай-ақ Павлодар мұнай зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары 2027 жылға ауыстырылды.