- Шараның басты мақсаты – ұлттар татулығын нығайту мен түркі тілінің абыройын асқақтату. Қазақстан – көп ұлтты бауырына басқан киелі мекен. Солардың ішінде өзге этнос өкілдерімен қатар діні мен тілі бір түркі тілдес ұлттар да бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Олармен ең бірінші қазақ халқын тығыз байланыстыратын дүние Көне түркі жазба ескерткіштері болып табылады, - дейді облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Дәулет Темірболат.
Елеулі күнге арналған шара Түркі жазуларының тарихы туралы деректі фильмімен басталып, концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сондай-ақ, шара барысында облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Османова өңірдің рухани-мәдени өмірін жандандыруда және тіл саясатын жүзеге асыруда ерекше белсенділік танытқан азаматтарды марапаттап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыс етті.
Тіл саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Тіл саясаты комитеті төрағасының «Құрмет грамотасымен» Қазына Қадас, Асел Талипова, Жібек Жолшыбекова, Оразбек Бахатхан, Айбек Оралхан, Ботагөз Қажтаева және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен» Самал Бегалинова, Әділбек Әміренов, Батырбек Қайыр, Ержан Төкенов марапатталды.
- Мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезімнен мемлекеттік тілді дамытуға арналған шараларға қатысып, байқауларға, тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған шараларда белсенділік танытып жүрдім. Соңғы уақыттарда қазіргі мәдениет басқармасының құрамына енген тілдер бөлімінің бағыттауымен республикалық көркемсөз және жыр, терме байқауларына қатыстым. Бәйгеден құр қол қайтқан емеспін, - дейді Оразбек Бахатхан.