Павлодарда өртелуі тиіс қауіпті медициналық қалдықтар сол күйі жойылмаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының экология департаменті қала тұрғындары үшін жоғары экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпті саналатын қауіпті медициналық қалдықтарды заңсыз утилизациялау фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2018 жылдың 27 желтоқсанында «Эком» қоғамдық бірлестігінің шағымы негізінде мемлекеттік экологиялық инспекторлар «Утилизация» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру жұмыстары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуы негізінде қолға алынған.

«Осылайша инспекторлар «Утилизация» ЖШС өндірістік базасы орналасқан Павлодар қаласының орталық өнеркәсіптік аймағына жіберілді. Ашық аспан астындағы жер учаскесінде экологиялық және санитарлық талаптарға қайшы келетін, 27,8 текше метр көлеміндегі «Б» және «В» класындағы медициналық қапшықтар қалдық ретінде полиэтилен қапта жатқаны анықталған. Ал бұл қалдықтар пеште өртелуі тиіс болатын», - делінген хабарламада.

Бұл қалдықтардың иесі - «Утилизация» ЖШС. Сипаттамаларға сәйкес, табылған медициналық қалдықтар кәріптас деңгейіндегі экологиялық қауіпті қалдықтар болып отыр: жұқтырылған немесе жұқтырылуы әбден мүмкін заттар, қанға немесе биологиялық сұйықтықтармен ластанған (шприцтер, жүйелер және т.б.) заттар төтенше санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға әкелуі мүмкін.

«Денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, «Утилизация» ЖШС Павлодар қаласының №1 және №3 ауруханасына, Екібастұз қаласының №2 және №3 емханаларына, Железин және Ертіс орталық аудандық ауруханаларына 2018 жылға дейін қызмет көрсетіп келген. Заңсыз айналымда 47,7 тонна қалдық болған. Жер учаскесінің аумағында медициналық қалдықтарды өртеуге арналған пеш орнатылған. Осыған қарамастан, қоршаған ортаға ластаушы зарттар тараған. «Утилизация» ЖШС құрылыс алаңының жобалық құжаттамасында мемлекеттік экологиялық сараптамаға қатыспастан медициналық қалдықтарды қабылдап, өртей алады», - делінген хабарламада.

«Утилизация» ЖШС экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 328 және 322-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, серіктестікке жалпы сомасы 144 300 теңгенің айыппұлы салынды. Қоршаған ортаға келтірілген заңсыз әрекеттердің зияны 1 712 529 теңге деп есептеліп отыр. Құқық бұзған серіктестікке өтемақыны өтеу туралы нұсқау берілді.

Сонымен бірге, Павлодар қаласының әкіміне санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес медициналық қалдықтарды заңсыз алып тастау жөнінде шаралар қабылдау өтініші жолданды.

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 18 қаңтардағы шешімімен қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына қауіп төндірген «Утилизация» ЖШС-ның заңсыз жұмысын тоқтату туралы анықтама берілді.