Павлодарда өртенген ғимараттан адамның мүрдесі табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда өрт сөндірушілер жанған ғимараттан адамның мүрдесін тапты. Бұған қоса құтқарушылар ғимараттан екі газ баллонын алып шыққан.
Павлодар қаласында Бекмаханов көшесінде орналасқан жеке ғимарат жанып, ішінен бір адамның мүрдесі табылды. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
«Бекмаханов көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына дереу шыққан өрт сөндірушілер жеке тұрған ғимараттың жанып жатқанын анықтаған. Өртті жою барысында құтқарушылар 2 газ баллонын алып шықты. Ал ғимарат ішінен ер адамның мүрдесі табылды. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкері мен 5 бірлік техника, АМО жұмылдырылды», — деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Тілсіз жау 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Қазір өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
Бұған дейін Павлодарда өртенген үйден ер адамның мүрдесі табылғаны туралы жазғанбыз.
Мамандар өрттің шығуына үйдегі пеш немесе темекі тұқылы себеп болуы мүмкін екенін айтқан.
Сондай-ақ 34 жасар әйел иіс тиіп көз жұмды.