Форумға Павлодар облысының, Қазақстанның және шетелдің бизнес-қауымдастықтары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялардың,жүйе құрушы кәсіпорындардың өкілдері, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарының ресми өкілдері, шетелдік дипломаттық өкілдер, шетелдік банктер мен компаниялар қатысады.
Форум инвестицияларды қажет ететін жобалар көрмесінен басталады. Экспозиция форумның соңына дейін жұмыс істейтін болады. Атап өтетіні, биылғы жылы павлодарлық жоғары оқу орындары студенттерінің соны жобалары бөлек таныстырылатын болады.
Басқосуға жиналғандар түстен кейін Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің отырысына қатысады, онда облыс экологиясын жақсартуға арналған жобаларға инвесторлар тарту мәселесі қаралады.
Форумның келесі күні әлеуетті инвесторлар үшін ашық есік күні ұйымдастырылады. Павлодар облысына инвестиция құюға әзір бизнесмендер аймақ басшысы Болат Бақауовқа сұрақтарын қоя алады.