Павлодарда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатына 18 елдің спортшылары қатысуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда бокстан мамыр айының екісі күні басталған Азия чемпионатында 18 елдің спортшылары жарысқа түсті, деп хабарлайды pavlodarnerws.kz.

10 салмақ дәрежесі бойынша 115 боксшы қатысқан бәсеке 8 мамырда аяқталады. Жарысқа екі дүркін Еуропа чемпионы, Олимпияда ойындарының күміс жүлдегері, АИБА вице-президенті және Азия бокс конфедерациясының президенті Серік Қонақбаев пен Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов мәртебелі мейман ретінде қатысуда.

Бокстан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Ғалым Кенжебаевтың айтуынша, қазақстандық жігіттердің дайындығы жақсы. Басты мақсат - командалық есепте топ жару. «Азия өңірінде бокс жақсы дамыған. Өзбекстан, Үндістан, Қытай, Жапония, Тайланд, Корея, Моңғолия, Иордания, Ирак, Иран, Сирия спортшылары осалдық танытпасы белгілі. Әсіресе, Азияда жеңіл салмақ дәрежесінде бәсекелестік жоғары. Сондықтан турнир тартысты өрілері даусыз. Қазақ жігіттеріне барын салып жұдырықтасу керек», - деді Ғ.Кенжебаев.

Айта кетерлігі, бұған дейін байрақты бәсекені Иран, Филиппин елдері және Тайланд пен Бангкок бірігіп қабылдады. Бұл турнир елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс АИБА ережелеріне сәйкес, яғни Олимпиадалық жүйе бойынша өткізіледі. Жеңілген спортшы жарыстан шығып отырады. Боксшыларға үш минуттан үш раунд беріледі. Атап өтерлігі, жастар басына қорғаныс шлемін киіп жұдырықтасады. Турнирдің бас төрешісі сириялық Мұхаммед Камел Шбиб.