Павлодарда пәндер олимпиадасы араға 9 жыл салып барып қайта ұйымдастырылғалы отыр
Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов мәлім етті.
«Бұған дейін республикалық деңгейдегі олимпиада өңірімізде екі рет 2001 және 2008 жылдары ұйымдастырылған. Аталмыш зияткерлік жарыста математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінен республика бойынша үздік деп танылған оқушылар қатысады. Оның ішінде 89 айтулы халықаралық олимпиадалардың бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар. Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру мекемелерінен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» ұлттық білім беру және сауықтыру ғылыми-практикалық орталығынан барлығы 21 команда келеді. Павлодар облысының намысын 69 оқушы қорғайды», - дейді Ғаждембек Тұрсынов.
Зияткерлік жарыс қорытындылары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер алтын, күміс және қола медальдарымен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.