Павлодарда пойыз қағып кеткен 22 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласының теміржол вокзалында пойыз басып кетіп, аяғынан айырылған 22 жастағы жігіт сегіз күннен кейін ауруханада қайтыс болды.

Фото: Kazinform/ЖИ

2004 жылы туған азамат 30 қыркүйек күні Павлодардағы Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас ауыр жарақат алып, сол жақ аяғынан айырылған. 

— Оған шұғыл ота жасалып, кейін бірнеше рет хирургиялық ота жүргізілген. Сондай-ақ қарқынды терапия мен реанимациялық шаралар қабылданған. Алайда дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, алған жарақаттарының ауырлығынан жас жігіт 8 қазанда көз жұмды, — деп хабарлады басқармадан.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, Қарағандыда ер адамды жүк пойызы қағып кетті.