Павлодарда ресейлік азаматтан 4 млн теңгенің майнинг жабдықтары тәркіленді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Көрші елдің азаматы уәкілетті органдардың рұқсатынсыз майнинг жабдықтарын шетелге шығармақшы болған. Тауар тәркіленіп, соттың шешімімен оған 55 мың теңге мөлшерде айыппұл салынды.
Ресей Федерациясының азаматы Қазақстанда шамамен 4 миллион теңгеге майнинг жабдықтарын сатып алып, оны уәкілетті органдардың лицензиясын алмай-ақ шетелге шығаруға тырысқан. Бұл әрекеті үшін жергілікті аудандық сот ресейлік азаматты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 436-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жазаға тартты. Одан майнингтік жабдықтар тәркіленіп, оған 55 мың теңге айыппұл салынды.
«Айыппұлды төлегеннен кейін құқық бұзушы сот қаулысының тәркілеу туралы бөлігіне апелляцияға шағымданды. Ол қаулының күшін жойып, тәркіленген тауарды кері қайтаруды сұрап, оған тиісті лицензия алуға уәде берді. Облыстық сот алқасы майнинг жабдығының экспорты ұлттық қауіпсіздік мақсатында бақыланатын әрі екі мақсатта пайдаланылатын ерекше тауарларға жататынын, сондай-ақ ресейлік жабдықты тек экспортқа шығару мақсатында сатып алғанын назарға ала отырып, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды», - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Осылайша апелляциялық сот ресейліктен майнинг жабдықтарын тәркілеудің заңдылығын растады.
Еске сала кетейік, Қостанай облысында 230 млн теңгенің майнинг фермасын шекарадан өткізбек болғандар ұсталды.