Павлодарда сәлемдеме супермаркеті ашылды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық «Қазпочта» АҚ бөлімшесі кешенді жаңғыртудан өтті. Жаңартылған филиалға алғашқы боп облыс әкімі Болат Бақауов пен акционерлік қоғам басшысы Бағдат Мусин барды, деп хабарлады облыстық әкімдікке сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бас почтамт залында тәулік бойы жұмыс істейтін бірнеше қызмет көрсету аймағы құрылды: қаржы қызметі аймағы, корпоративтік клиенттер аймағы, почта қызметтері аймағы, постомат-аймақ. «Белгілі бір уақытта почта банктік қызметтер есебінен дамыды, - деп атап өтті «Қазпочта» АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Мусин.

Бүгін сәлемдеме жіберу, алу саны артты, қазір көпшілігі интернет арқылы тапсырыс береді. Павлодар облысына сәлемдеме беру көлемі өткен жылмен салыстырғанда, 40 пайызға артты. 2018-2020 жылдары бұл бірден 300-400 пайызға артатын болады. Сәлемдеме алу үдерісін барынша жеңілдету үшін бас почтамтта сәлемдеме супермаркеті ашылды.

Клиент келген сәлемдеме жайлы СМС-хабарлама алады, почтаға барып, хабарламадағы кодты көрсетеді, сәлемдеме жатқан орын көрсетілген талон алады. Егер сәлемдеме салынбалы төлеммен жіберілсе, онда клиент оны супермаркет кассасында қолма-қол да, төлем картасымен де төлей алады.

Қазпочта Қашыр, Лебяжинск, Май, Ертіс аудандары, Ақсу қаласындағы бөлімшелерін жаңғыртуды жоспарлауда. Облыс әкімі почта қызметінің басшысына ауылдардағы бөлімшелерде де осындай қолайлы жағдай енгізуді қолға алуды тапсырды.