Павлодарда салынып жатқан мектептің төбесі опырылып, бірнеше адам зардап шекті

Фото: Қайрат Зайнишев/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Бүгін сағат 17:00 шамасында медицина қызметкерлері мен құтқарушыларға шақырту түсті. Хабарламада төбесі опырылғаны айтылған.

Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, опырылу Қазправда мен Макатаев көшелерінің қиылысындағы салынып жатқан ғимаратта болған.

— Алдын ала деректер бойынша, үйінді астында 1967 жылы туған ер адам болуы мүмкін. Оқиға орнына ТЖД-ның шамамен 20 қызметкері мен 6 техникасы жедел жетті. Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жылу түсіргіші бар дрон қолданылып жатыр, — деп хабарлады өңірдің төтенше жағдайлар департаменті.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, құтқарушылар барлау және үйінділерді тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Медициналық қызмет өкілдерінің мәліметінше, орташа ауыр жарақат алған екі адам ауруханаға жеткізілді. Тексеруден кейін олар амбулаториялық емдеуге жіберілді.

— Мектеп құрылысындағы құрылыс конструкцияларының опырылуы фактісі бойынша полиция «Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, — деп мәлім етті Павлодар облысы полиция департаменті.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. 

Айта кетелік Павлодарда жұмысшыларға 737 млн теңге еңбекақы төлемеген кәсіпорын анықталды