Павлодарда Сәтбаев су арнасының тораптарынан балық аулауға рұқсат беріледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Су арнасын жалға алушылар алдағы күндері әуесқой балықшыларға арналған жолдамаларды үлестіруі тиіс. Өйтпеген жағдайда жауапты басқарма табиғат пайдаланушылармен арадағы шартты бұзуы мүмкін.

Фото: kazakh-zerno.net

Қ.Сәтбаев атындағы су арнасының № 1-8 су тораптарын пайдаланып отырған субъектілер бұған дейін балық аулау жолдамасын бермей қойған еді.

Мыңдаған әуесқой балықшы олардың үстінен мемлекеттік органдарға шағым түсірді.

«Павлодар облысындағы табиғатты қорғау прокурорының үйлестіруімен жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы арнайы жиын өткізіп, онда балық аулауды ұйымдастыру мәселесі талқыланды. Іс-шараға Зайсан-Ертіс бассейн инспекциясының, „Qazaq balyk“ балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығы филиалының, Қ.Сәтбаев арнасы филиалының, сондай-ақ Екібастұз қаласындағы ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша табиғат пайдаланушы субъектіге жақын арада жолдама беру жүйесін қайта жаңғырту туралы тапсырылды. Өйтпеген жағдайда балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт тоқтатылуы мүмкін» деп хабарлады өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.