«12 қазанда сағат 01:00-де Павлодардағы Исиналиев көшесі, 58 мекенжайындағы «Арай» сауда үйінің өртеніп жатқаны туралы хабар келіп түсті. Өрт 1500 шаршы метрді шарпыған», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Құтқарушылардың айтуынша, оқиға сауда үйінің оңтүстік жағында болған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Екі магистральды желі тартылды. Өрт 04:15-те ауыздықталып, 04:55-те сөндірілді. Өрттің алдын ала себебі – жарықтандыру қалқанындағы қысқа тұйықталу. Келген шығын көлемі анықталуда», - деп түсіндірді ведомство.
Оқиға орнына жеке құрамның 77 адамы 16 көлікпен келген.