Павлодарда «Саясаткер-әйелдер клубы» құрылды

Фото: None
ПАВЛОДАР. Мамырдың 11-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодарда құрылған «Саясаткер-әйелдер клубы» бүгін, мамырдың 11-і күні алғашқы отырысын өткізді. Оның жұмысына аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Серік Ахметов, «Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы» респубикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Раушан Сәрсенбаева қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова осындай клубтардың Астана және Алматыда құрылғандығын атай келіп, клуб отырысын ашты. Павлодарлық әйелдер елдегі алғашқы аймақтық клуб құрды. Оның мүшелерінің қатарында қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен департаменттер басшылары, іскер-әйелдер, ғалымдар, ҮЕҰ көшбасшылары, мемлекеттік қызмет ардагерлері бар.

Саясаткер-әйелдер клубының мүшелері әйелдердің мемлекеттік және қоғамдық-саяси жұмыстарға араласуы үшін кадрлық қорды қалыптастыру ісіне араласуды, тұрғындардың гендерлік бағытта білім алуына белсенді атсалысуды, қазақстандық саясаткер-әйелдердің жемісті тәжірибелерін таратуды өздерінің міндеттері деп санайды.

Клубтың құрылғандығын құптай отырып, Бақытжан Сағынтаев «Павлодар облысында әйелдер мемлекеттік басқаруға қатысуда, департаменттер мен басқармаларға басшылық етеді, жеке кәсіпкерліктерінің жемісін көруде. Облыста «Іскер әйелдердің қауымдастығы» тамаша жұмыс істеуде», - деп атап өтті. Аймақ басшысы әйелдер арасынан кадрлық қор құру мен талантты басшыларды жоғарылату идеясын қолдады.