Павлодарда сегізінші қабаттан құлап кеткен 2 жасар бүлдіршін ауруханада көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Павлодарда сегізінші қабаттан құлап кеткен бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалды. Екі жасар сәбидің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер барын салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

- Көп қабатты тұрғын үйдің 8-қабатынан құлап кеткен 2020 жылы дүниеге келген сәбидің жүрегі бүгін сағат 21.00-де тоқтады. Өкінішке қарай, оның өмірін сақтап қала алмадық, - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай М.Жүсіп көшесі, 270-үйде орын алды. Екі жасар бүлдіршіннің құлағаны туралы қоңырау 6 қыркүйек күні сағат 11:17-де түсті. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі 4 минутта жетті.

Бала Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Дереу шокқа қарсы реанимациялық іс-шаралар басталды. Алған жарақаттары өте ауыр болды.