Павлодарда Шәкен киноларының апталығы басталды

Фото: Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазақ киносының тұңғыш режиссері Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Біздің сүйікті Шәкен» атты кино апталығы басталды. Көпшілік бір апта бойы фльмдерін тегін көре алады.

Ш.Аймановтың режиссерлігімен 11 кинофильм түсірілсе, тағы 11 кинотуындыда өзі актер болып ойнаған. Кино өнеріндегі жарқын еңбегі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығымен, Байсейітова атындағы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығымен, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. 

Апталықтың бастаулына орай өткен рухани кеште Ш.Айманов орындаған халық әндері шырқалып, туындылары паш етілді. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі жиналғандар назарына әйгілі жерлесімізге қатысты фотосуреттер мен жеке заттарынан тұратын көрмені ұсынды.

Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Іс-шара ұйымдастырушысы - Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимовтың айтуынша, Қ.Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында 15 ақпаннан Шәкен кинолары тегін көрсетіле бастады. Көрермендер бір апта бойы «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Жамбыл», «Біздің сүйікті дәрігер», «Біз осында тұрамыз», «Дала қызы», «Ән шақырады», «Атамекен» фильмдерін тамашалай алады.