Павлодарда шәкіртін қайшымен ұрған хореограф сотқа тартылды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - М. Катаев атындағы Павлодар облыстық оқушылар сарайының педагогы сотқа тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«1 желтоқсан күні Оқушылар сарайында өтіп жатқан сабақ кезінде хореограф Айсұлу Мералиева 2011 жылғы тәрбиеленушіні қайшымен ұрған, - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінде. - Сотта ол өз кінәсін мойындап, өкінетінін мәлімдеді. Іс тараптардың татуласуымен аяқталды».

Облыстық сотта хабарлағандай, би сабағы кезінде баланы ұрғаны үшін педагогқа қатысты әкімшілік іс ашылған. Бүлдіршіннің ата-анасы оны сотқа берген.

Оқушылар сарайындағы педагогтар оның осы мекемеде бірнеше рет жұмыс істеп, қайта шығып кеткенін айтқан. Оның үстінен бірнеше рет балалар да, ата-аналар да шағым түсірген. Мұғалімдердің айтуынша, Оқушылар сарайындағы жұмыс - мұғалімнің негізгі жұмысы емес. Ол көп уақытын косметика бойынша желілік бизнес саласындағы қызметіне бөледі екен.