Павлодарда шаруа қожалығы 800 тоннадан астам картопты заңсыз сатқан

Фото: ҚР АШМ

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Сауда-саттық заңнамасын бұзған кәсіпкерге қатысты 13 әкімшілік хаттама толтырылған. Сот шешімі бойынша мемлекет пайдасына 3 935 750 теңге айыппұл өндірілді.

Сауда-саттықтың ашықтығын, нарық субъектілерінің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету және баға манипуляцияларына жол бермеу мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы №142 бұйрығымен тауар биржалары арқылы міндетті түрде өткізілуге жататын биржалық тауарлардың тізбесі бекітілген. Бұл тізбеге жаңа піскен және салқындатылған картоп та енгізілген. Яғни аталған өнімнің көлемі 60 тоннадан асқан кезде тек биржалық сауда-саттыққа рұқсат етіледі.

- Өкінішке қарай, Павлодар облысындағы шаруа қожалығы бұл заңнаманың талаптарын айналып өтіп, 812 тонна көлеміндегі картопты биржасыз саттқан. Деректерді қарау нәтижелері бойынша кәсіпкерге қатысты 13 әкімшілік хаттама толтырылып, Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шағым жасалды. Сот шешімі бойынша жеңілдік ескеріле отырып, мемлекет пайдасына 3 935 750 теңге өндірілді, -деп хабарлады ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Павлодар облыстық департаментінен.

Департамент биржалық тауарларды белгіленген ережелерді бұза отырып өткізгендерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген әкімшілік жауапкершіліктер қолданылатынын еске салды.

Еске сала кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі сиыр еті картоп ретінде экспортталды деген ақпарат жалған деп мәлімдеді