Павлодарда шегірткеге қарсы 100 мың гектар жер өңделеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 138,7 млн теңге бөлініп отыр. Химиялық өңдеу жұмыстары алдағы аптадан басталады деп жоспарланған.
Алдағы жаз ыстық болатын болса, саяқ шегірткенің егіс алқаптары мен шабындықтарды жайпап кетуі ықтимал деген қауіп бар. Жергілікті жауапты органдар соған орай қам жасап, мамыр айының соңында химиялық өңдеу жұмыстарына кірісіп кетпекші.
- Биыл саяқ шегірткеге қарсы облыс бойынша 99,8 мың гектар жерге химиялық препараттар шашылады. Бұл жұмыстарға 138,7 млн теңге бөлінген. Зиянкестерді жоюға арналған 3033 литр сұйық препарат сатып алынды. Негізгі қауіп Баянауыл, Аққулы, Шарбақты аудандарында болуы мүмкін, соған орай өңделетін аумақтардың дені аталған өңірлерге тиесілі. Біз қазір фитосанитариялық орталықтың шегіртке дернәсілдерінің дамуына қатысты болжамдарын күтіп отырмыз. Биылғы көктемнің салқын болып тұруына орай шегірткенің жетілуі ұзаққа созылып жатыр. Алдағы дүйсенбіден аудан-қалалар өңдеу шараларына кірісіп кетуі мүмкін, - деді Kаzinform тілшісіне берген сұхбатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов.
Өңдеу жұмыстарына желдеткіші бар 16 бүріккіш және 8 арнайы қондырғы жұмылдырылады.