Павлодарда шұңқырға құлаған әйел мен баланың құтқарушысы марапатталды
Марапаттау рәсімі бүгін қалалық мәслихаттың сессиясының алдында болды. Шара барысында шаһар басшысы ойламаған жерден орын алған апаттан зардап шеге жаздаған адамдарға көмегін аямаған азаматқа алғысын білдірді.
«Біздің Каюмов Лермонтов көшесінің бойындағы опырылып түскен асфальттың астына құлап кеткен адамдарға көмектесуге бірінші болып жетті. Сонымен қатар, ол қызды ауруханаға жеткізді. Бұл нағыз азаматтықтың белгісі. Әрбір әскери қызметші үшін үлгі боларлық іс, - деді Нұржан Әшімбетов.
Еске сала кетейік, 3-қазан күні 4 жасар Ульяна мен оның 58 жасар әжесі Лермонтов және 1-май көшелерінің қиылысында асфальттың астына құлап кеткен еді. Олардың жанына бірінші болып 6679 әскери бөлімінің қарауыл бастығы Ануар Каюмов жетіп, шұңқырдан аман шығарып алған болатын.