Павлодарда шыбын-шіркейді улауға ұшатын аппараттар қолданылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Масалар мен шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық іс-шараларды жүргізуге облыстық бюджеттен 602,3 миллион теңге бөлу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Бұл туралы «Достық» үйінде ұйымдастырылған қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысында мәлім болды.

- Өткен жылдың қараша айында мүдделі өкілдермен, сондай-ақ осы саладағы ғылыми өкілдермен 2020 жылы дезинсекциялық іс-шараларды өткізудің техникалық ерекшеліктерін талқылау бойынша кеңес өткізілді, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Абұлқалықов. - Кеңес қорытындысы бойынша ағымдағы жылы дезинсекциялық іс-шараларды жүргізуге құзыретті мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ осы салада жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлермен бірлесіп, техникалық спецификациялар әзірленді және келісілді.

Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің есебі мен конкурстық құжаттаманың жобасы дайын.

- Атап айтқанда, жөкелер мен масалардың дернәсілдеріне қарсы 199 484 тонна биологиялық препарат сатып алу, - дейді Мұрат Абұлқалықов. – Оған қоса, имаго шыбын-шіркейіне қарсы облыс орталығын кедергімен өңдеу үшін 1 992 тонна химиялық препарат сатып алу. Павлодар және Ақсу қаласы ауданындағы масалар дернәсілдеріне қарсы 17 550 гектар жайылма учаскелерді авиаөңдеу және Павлодар қаласының саябақтары мен скверлердің имаго шыбын-шіркейіне қарсы тосқауыл қою жоспарда бар.

Сондай-ақ 1 130,6 км аумақты қамтитын Павлодар, Ақсу қалалары мен Ақтоғай, Железин, Ертіс, Тереңкөл, Аққулы, Май, Павлодар жеті жағалау аудандарында баржадан биологиялық препаратты ағызу жолымен Ертіс өзенін екі-төрт рет өңдеу жобаға енгізілді.

Айта кетерлігі, өткен жылдардан өзгеше биыл аса нүктелі және тиімді авиа өңдеу үшін габаритті моторлы ұшу аппараттарын қолдану жоспарланып отыр.