Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін мен аппараттық жиналыстың жабық бөлігінде Павлодар қаласында оқушыны жабылып ұрып-соғу оқиғасы бойынша сұрақты қозғадым. Ата-ана ретінде мен бұған бей-жай қарай алмадым, сондықтан, полиция департаменті мен облыстың білім басқармасының басшылығына орын алған жағдайды тергеу барысымен мені хабардар етіп отыруды тапсырдым. Жиналыстан кейін күдіктілер мен зардап шеккен балалар оқитын мектептердің біріне барып, педагогтармен сөйлестім, мемлекеттік органдарға зардап шеккен баланың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырдым. Мұндай фактілер біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналмауы керек. Ондай жағдайларды түбімен жою, балаларды мейірімділікке, адалдыққа және әділеттілікке тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз»,-деп жазды Асайын Байқанов.
Айта кетейік, 24 шілде күні кешкі сағат 20:30-да Павлодар көшелерінің бірінде төбелес болған. Онда 14 жастағы жасөспірім зардап шекті, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті болған оқиға бойынша пікір білдірді.
Сондай-ақ аталған комитет осы істі өз бақылауына алды.