Павлодарда сөйлейтін суреттер көрмесі өтіп жатыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда «сөйлейтін» суреттер көрмесі ашылды. Қазақстандық суретші өз туындылары арқылы қоғамдағы өткір мәселелерді көтерген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Аңсаған Мұстафа суреттерінде әлеуметтік желілердің үстемдігі, күнделікті тәртіпсіздік, қауіп-қатер, отбасылық қарым-қатынас тақырыптарын бейнелеген. Көрмеде оның 50 еңбегі тұр.


«Бұл көрме қоғамдағы мәселелер жайлы сөйлейді. Суреттерде түрлі жағдайлар, оның ішінде қоғамға қауіп келтіретін жағдайлар бейнеленген», - дейді Павлодар облыстық өнер мұражайы қорының басшысы Ольга Пашко.

Суретші Аңсаған Мұстафаның айтуынша, бұл көрме 15 жыл бойы әлемді шарлап, ондаған елге қойылған.

«Көрме Перу, Франция, Коста-Рика, Америка, Бразилия, Оңтүстік Корея елдерінің халқына ұсынылған еді. Мысалы, Бразилияда да осындай мәселелер болуы мүмкін деп ойламаппын. Біздегі мәселелер оларда да бар екен. Көрмеде жұмыссыз азаматтарды, қарттар үйіне тапсырылатын әжелер мен аталарды көруге болады», - деді суретші Аңсаған Мұстафа.

Ол болашақта экология және ауыз су тақырыбында суреттер салуды жоспарлап отыр. Көрме 20 тамызға дейін жалғасады.