Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 21 қазанда сағат 15:45–те қыз бала жедел медициналық жәрдем бригадасымен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Науқас бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызылған.
— Қазіргі уақытта қыз бала өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған, қарқынды терапия жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан.
22 қазанда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының (UMC) және «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ мамандарымен телемедициналық консультация өткізілген. Оның барысында науқасты емдеу тактикасы мен одан әрі медициналық көмек көрсету тәсілдері келісілген.
Басқарманың хабарлауынша, баланың жағдайы ведомство басшысының жеке бақылауында. Науқастың жағдайын бағалау және емдеу тиімділігін бақылау үшін облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің қатысуымен күн сайын пәнаралық консилиумдар өткізіледі.
Әлеуметтік желіде баланың туысы оқиғаға қатысты жазба жариялады.
Әйел адамның айтуынша, Лермонтов көшесі, 100/2 мекенжайындағы стоматологияда тісін емдеу кезінде баланың жағдайы күрт нашарлаған. Оның сөзінше, бала есінен танып, тыныс алуы бұзылған. Туысы медициналық қызметкерлердің шұғыл көмек көрсетуге әрекет етпегенін және жедел жәрдем шақыру туралы өтінішке бірден жауап бермегенін алға тартады.
Жазба авторының мәліметінше, жедел жәрдем көлігінде баланың жүрегі тоқтап, кейін облыстық балалар ауруханасында тағы да жүрек тоқтауы тіркелген.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тексеру нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі.
Еске сала кетейік, Астанада дәмханада тамақтанған екі бала ауруханаға түсті.