Павлодарда «СуперЦОН» жобасы барлық қызметтерді қолжетімді етті

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Павлодар облысында тұрғындардан 90 мыңнан астам өтініш түсті, оның 70%-дан астамы шешімін тапты. Бұл туралы өңір әкімі Асайын Байханов баяндады. 

Әкім бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамалардың көбі халықпен үздіксіз байланыс арқылы қалыптасқанын атап өтті.

— Өзара әрекеттестік пен тиімді кері байланыс орнатуда біз әлеуметтік желілерді негізгі платформа ретінде қолға алдық. Жыл басынан бері бізге 90 мыңнан астам өтініш түсті, оның 70%-дан астамы оң шешімін тауып, қалғаны жұмысқа алынды, — деді Асайын Байханов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.

Биыл шілде айында «СуперЦОН» жобасы аясында жаңа Азаматтарды қабылдау орталығы іске қосылды. Мұнда бір жерде халыққа қызмет көрсету орталығының, мемлекеттік органдардың қызметі және қоғамдық қабылдаудың барлық қызметі халыққа қолжетімді.

— Осы жаңашылдық арқасында біздің облыс халықпен тиімді жұмыс істеу жөнінен елдегі үздік бес өңірдің қатарында, — дейді облыс әкімі.

Сонымен бірге, қоғамдық қауіпсіздік мақсатында 156 әлеуметтік нысанға 5 567 бейнекамера орнатылған, олардың 97%-ы полиция департаментінің Жедел орталығына қосылған.

Айта кетейік, Павлодарда әлеуметтік салаға облыс бюджетінің 51% пайыздан астамы бөлінеді. Жалпы өңірде 25,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық 4,8% пайыз деңгейінде сақталып отыр.

Бұған дейін облыс әкімі өңірдегі жылу магистральдері толық жаңартылғанын айтқан еді.