Көрменің мақсаты — еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи қалыптасу жолын, маңызды өзгерістері мен жетістіктерін көрсету. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға құрметті арттыру көзделген.
Музей басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, соңғы жылдар дересінде мекеме қызметкерлері еліміздің дамуына атсалысқан ұлт қайраткерлеріне қатысты тың деректер мен жәдігерлер іздеп тапқан. Солардың дені көрмеде қойылады.
— Биыл Алаш ардақтысы Қартқожа Тоғанбаевтың 130 жылдығына, Қазақ Халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына орай кітаптар шығарылды. Тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанинның шекпені табылды. Осы және басқа да жәдігерлер мен құнды ақпараттарды көрмеден тамашалауға болады, — дейді Ербол Қайыров.
Экспозицияда Қазақстанның тәуелсіздікке дейінгі тарихы мен бүгінгі жетістіктері сабақтастырыла ұсынылады. Келушілер назарына тарихи жәдігерлер қойылып, инсталляциялық композициялар арқылы елдің тарихи мұрасы, ұлттық болмысы, мәдениеті мен рухани құндылықтары бейнеленеді.
Еске сала кетейік, Павлодарда дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың неміс тұтқынында түсірілген фотосуреті табылды.