Павлодарда тергеу мекемесіне әкелінген торттың ішінен ұялы телефон табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Сәлемдемені Павлодар қаласының тұрғыны уақытша ұстау орнында қамауда отырған танысына әкелген. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Фото: Pixabay.com

Павлодар қаласындағы №63 мекемесінің тергеу изоляторының аумағына тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Сотталушыға арналған сәлемдемені тексеру барысында мекеме қызметкерлері тортты мұқият қарап шыққан. Тексеру кезінде кондитерлік өнімнің ішінен аса мұқият жасырылған ұялы телефон, екі SIM-карта және USB кабелі табылып, тәркіленді.

– Сәлемдемені Павлодар қаласының тұрғыны мекемеде қамауда отырған танысына әкелген. Аталған дерек бойынша азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданады, – деп хабарлады өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, тыйым салынған заттарды азық-түлікке жасырып өткізу әрекеттері ара-тұра кездесіп тұрады. Дегенмен барлық сәлемдемелер міндетті түрде мұқият тексерістен өтетіндіктен, мұндай заңсыз әрекеттер дер кезінде анықталады.

Еске сала кетейік, Астанада дүкендер мен дәмханаларға қауіпті ет жеткізген жасырын цех анықталды.