Павлодарда трамвайдың жолақы билеті қымбаттады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 15-қазаннан бастап трамвайда жүру жолақысы бес теңгеге көтеріліп, 70 теңгеге жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, жол жүру құны 22 шілдеде VI шақырылымдағы қалалық  мәслихат депутаттарының сегізінші кезектен тыс сессиясында қабылдаған шешіміне сәйкес қымбаттайды.

«Соңғы рет жолақы 4 тамызда өскен болатын. Сол кезде автобус пен шағын автобустарда жол жүру құны 10 теңгеге көтерілді, ал трамвайда тек 5 теңгеге ғана өсті. Депутаттар жазда бірыңғай жол жүру құны туралы шешім қабылдаған соң, 15-қазаннан бастап қала бойынша трамваймен жүру 70 теңгеге жетеді. Ал, қаладан тыс жерде 95 теңге болмақ», - деді басқарманың баспасөз хатшысы Тимофей Голев.

Айта кетерлігі, 15 санаттағы азаматтарға барлық жеңілдіктер сақталады. Зейнеткерлер мен 7 жастан 15 жас аралығындағы оқушылар 35 теңге төлейтін болады.