Павлодарда туберкулезге шалдығу деңгейі төмендеді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 2019 жылы туберкулезді емдеуге және сауықтыруға екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар облысында туберкулезге шалдығу көрсеткіші 4,4 процентке, өлім-жітім - 18,7 процентке, аурудың қайталануы 12,5 процентке төмендеді. Өңірде 792 адам белсенді туберкулезбен диспансерлік есепте тұр. Биыл бұл диагноз 60 науқасқа алғаш рет қойылып отыр. Осы жылы оны емдеуге және сауықтыруға екі миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 320 миллионы - дәрілермен қамтамасыз етуге жұмсалады. Қазіргі тариф бойынша бір науқасқа айына 220 215 теңге бөлінеді», - деп хабарлады «Медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Павлодар облыстық бөлімшесінің директоры Айдар Сейітқазин.

Дәрігерлердің айтуынша, туберкулезге шалдыққандарды анықтау қиын. Себебі, азаматтар жеке және қоғамдық денсаулыққа жауапкершілікпен қарамайды. Туберкулезді дер кезінде анықтап, ем алса, одан толықтай жазылуға болады. Көптеген азаматтар дәрігерге туберкулезге шалдығып қойғаннан кейін қаралады.

«Әдетте, туберкулез жүре-бара байқалады. Сондықтан, алғашқыда туберкулездің белгілері байқалмайда, бірақ кейін науқаста мынадай белгілер пайда болады: үнемі жөтеліп, кейде қақырық пен қан аралас қақырық болады, кеуде тұсы ауырып, өзін жайсыз сезінеді, салмақ жоғалтады, қызуы көтеріледі. Егер осындай белгілер болған кезде, тексерілуден өту үшін міндетті түрде емханаға бару керек», - деп атап өтті Павлодар облыстық туберкулезге қарсы диспансердің ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің меңгерушісі Зульфия Алеушинова.

2019 жылы Қазақстанда туберкулезді емдеуге және оған шалдыққандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен 47,7 млрд теңге бөлінген, деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Павлодар облыстық бөлімшесінде.