Полицияның мәліметінше, күдіктілер бір ай бойы Павлодар тұрғындарынан ақша бопсалаған. Олар талап етілген қаражатты бермеген жағдайда күш қолданатынын және дене жарақатын салатынын айтып қорқытқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, алты адам ұсталды. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, сондай-ақ ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жүк көлігі жүргізушілерін бопсалаған топ ұсталғанын хабарлаған едік.