Павлодарда УАЗ көлігі трактор тіркемесімен соқтығысып, жолаушы көз жұмды

Фото: Павлодар ПД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полиция қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себебі тергеу барысында анықталатын болады.

«Омбы – Майқапшағай» автожолының Аққулы ауылынан 10 шақырым қашықтықта УАЗ маркалы автокөлік МТЗ-80 тракторының тіркемесімен соқтығысқан.

- Қайғылы жағдай 27 қараша күні болды. Трактордың шөп тиелген тіркемесіне соғылған УАЗ көлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай мен себептері тергеу барысында анықталады, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Полиция департаменті осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін төмендетуді, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде абай болуды және көлік құралының техникалық жағдайын үнемі қадағалап отыруды ескертеді.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысып, екі адам мерт болды.