Павлодарда үй құстарының қырылуы әлі де тіркеліп жатыр

Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта өлген құстардың саны 2 256 басқа жетті. Олардан алынған сынамалардың зертханалық нәтижесі әлі шықпаған.

Павлодар облысы ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірдің 5 ауданында үй құстарының қырылуы тыйылмай тұр.

— 2025 жылғы 3 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Павлодар облысындағы 8 елді мекенде орналасқан 44 жеке аулада құстардың өлімі тіркелді. Өлген құстардың жалпы саны — 2 256 бас. Эпизоотиялық жағдай Ақтоғай (Шілікті ауылы), Шарбақты (Орловка ауылы), Железин (Жаңажұлдыз, Церковное ауылдары), Тереңкөл (Жаңақұрылыс ауылы, Қоржынкөл ауылы, Алтай ауылы) және Ертіс ауданында (Северное ауылы) қалыптасып отыр, — деп хабарлады басқармадан.

Өлген құстардан патологиялық материалдар іріктеп алынып, Астана қаласының «Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына» жіберілген. Материалдар «Жоғары патогенді құс тұмауы», «Ньюкасл ауруы» және пастереллез бен сальмонеллез дерттері бойынша зерттеліп жатыр.

Бұған дейін Павлодар өңірінде белгісіз індеттен 1,5 мыңға жуық үй құсы қырылып қалғаны туралы жазғанбыз

Кейін ветеринарлар Павлодар аймағында жоғары патогенді құс тұмауы таралуы мүмкін екенін айтты.