Павлодарда үй құстарының неден қырылып қалғаны әлі де анықталған жоқ

Фото: Kazinfrom

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта үй құстарының қырылуы тоқтаған. Өлген құстардың жалпы саны 2,5 мыңға жуық.

Құстардың жаппай өлуі 5 ауданды қамтып, 7 елді мекенде тіркелген. Мамандар құстардың өлекселерінен патологиялық материал алып, зертханаға жіберген. Алғашқыда жоғары патогенді құс тұмауы таралуы мүмкін деген күдік болған. https://kaz.inform.kz/news/pavlodar-aymaginda-zhogari-patogend-kus-tumaui-taralui-mumkn-veterinar-maman-3fc9b9/
Алайда Астанадағы зертхана ықтимал дертті растамады.

- Облыстық ветеринария қызметі үй құстарынан потологиялық материалдар алып, Астанаға зертханаға жіберген болатын. Біз құс тұмауына күдік тудырып, тексеріске жіберген едік. Бірақ, ол расталмады. Қазіргі таңда аурудың себебі әлі де анықталып жатыр. Үй құстары жаппай қырылып жатқанда жабайы құстардың жылы жаққа ұшуы басталғаны мәлім. Індет солардан жұғуы мүмкін. Республикалық зертханадан мамандар келіп, өлген жабайы құстардан да потологиялық материал алынды. Бүгінгі таңда ол да тексеріліп жатыр, -дейді өңірлік ветеринария басқармасының басшысы Асылтас Тілеубаев.

Мамандардың сөзінше, егер елордалық зертхана «жоғары патогенді құс тұмауы» диагнозын растағанда, шығын республикалық бюджет есебінен өтелетін еді. Сондықтан өтемақы мәселесі әзірше шешілмеген. Жоғарыда аталған жеті ауылда жалпы саны 2484 үй құсы өлім-жітімге ұшыраған.

Еске сала кетейік, Павлодар өңірінде белгісіз індеттен 1,5 мыңға жуық үй құсы қырылып қалды.