Қала әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жануарлардың серуен алаңдарының құрылысы қыркүйек айында басталады.
«Алты орынның ішіне Химқалашығы шағын ауданында Айманов көшесі, 40 мекенжайындағы үйге қарама-қарсы теміржол бойында, ХҚКО-ның қасында Павлов көшесіндегі №19 мектептің қоршауы бойымен Киров көшесіне дейінгі аймақ бар. Сонымен қатар, Сәтбаев, 253, Чкалов, 18, Суворов, 25 және Катаев,31 мекенжайлары енгізілген», - деді әкімнің баспасөз хатшысы Гүлжан Әбсалықова.
Қазіргі уақытта аталған учаскелерді Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының иелігіне өткізу бойынша құжаттар дайындалып жатыр.
«Жер учаскелеріне қатысты жұмыс толықтай аяқталған соң бюджеттік комиссияға қаражат бөлу үшін өтінім жіберіледі. Иттерді қыдыртуға арналған мекенжайлар жұмыс комиссиясының отырысында қарастырылған болатын», - деді ведомстводан.
Десе де, бұл хабарды естіген Ломов, 30 және Сәтбаев, 253 үйлерінің тұрғындары таңғалып отыр. Бұл жағдайға қатысты олар Instagram желісіндегі @pvlnews парақшасында өз пікірлерін жазды.
«Біз бұл хабарды естіп, таңғалып отырмыз. Аулада балаларға арналған алаңның орнына бүкіл ауданнан келетін иттерді қыдыртатын алаң салғалы отыр», - деп жазған.
Қала әкімдігінде осыған қатысты түсінік берді.
«Сәтбаев көшесі, 253 мекенжайы Павлодар қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімімен ұсынылып отыр. Бұл аймақ қараусыз қалған және осында футбол алаңын құру жоспарда жоқ. Сондай-ақ, дәл осы аулада иттерге арналған алаң орнату туралы қалалық мәслихатқа В.Шолохов атты азаматтан өтінім түскен болатын», - деді ведомстводан.