Павлодарда волейболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші туры өтіп жатыр.

Фото: olympic.kz

«Баянтау» спорт кешенінде турнир кестесінде көш бастап келе жатқан «Қуаныш» (СҚО) пен «Айқаракөз» (Талдықорған) командалары алғашқы болып алаңға шықты.

Мұнда солтүстікқазақстандықтар қарсыластарын 3:0 (25:8, 25:21, 25:9) есебімен оңай ұтып, ұпай санын 35-ке жеткізді.

Дегенмен қалған командалар да «Қуанышты» алысқа ұзатқысы келмейтіні анық. Орталық кездесуде өскемендік «Берель» «Алматыны» 3:0 (29:27, 25:23, 25:21) есебімен тізе бүктіріп, 33 ұпаймен екінші орында келеді.

Ел чемпионы болғанымен, барлық белді ойыншылары кетіп, тек жастармен жасақталған «Алтай» (Өскемен) командасын 3:0 (25:15, 25:15, 25:23) есебімен тізе бүктірген «Қарағанды» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Павлодардың «Ертісін» өз алаңында ойнағанына қарамастан, 3:0 (25:10, 25:20, 25:20) есебімен сан соқтырған «Жетісу» (Талдықорған) 25 ұпай жинап, төртінші сатыдағы «Алматыны» қуып жетті.

Сейсенбі күні орталық матчтар «Қуаныш» - «Берель» және «Жетісу» - «Тұран» (Түркістан) арасында өтеді.

Үшінші тур ойындары 29 қаңтарда мәресіне жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда волейболдан ерлер арасында Қазақстан чемпионатының үшінші тур ойындары аяқталғанын жазған болатынбыз.