Павлодарда зағиптар мен нашар көретін жандар қазақ тілін үйренді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда көзі нашар көретін жандарға қазақ тілін үйретуге арналған «Күн сәулесі» жобасы аяқталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 «Күн сәулесі» жобасының авторы, «Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кенжикова қазақ тілін үйрету курсы екі айға жалғасқанын айтады.

«Бұл жобамды ұсынған кезде облыс әкімі Болат Бақауов бірден қолдау көрсетті, - деді Шолпан Кенжикова. - 30 адамды төрт топқа бөліп оқыттым. Курсқа арнайы әдістемелік құрал ретінде кітап та шығарылды. Зағип жандарға арналған баспаның арнайы  брайль жүйесі бар. Сол жүйемен басып шығаратын принтер құралдары тек орыс, ағылшын тілінде екен. Қазақ тілінде жоқ болғандықтан тілдерді дамыту басқармасы қаржы бөліп, мамандарды жалдап қолмен басып шығартты. «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік!» атты кітапқа мемлекетік тілді үйрететін сабақтар енген. 10 шақты адам өзге ұлт өкілдері болды»,-дейді ол.

Облыстық  көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасында  30 адамға курсты аяқтағандары жөніндегі сертификаттар табыс етілді. «Күн сәулесі» жобасына қатысушы Әсия Төлеубаева орыс мектептеріне баратын шөберелеріне қазақша үйрететінін жеткізді. - Өзім 72 жастамын, - деді Әсия Төлеубаева. - Қазақша сөйлей аламын. Бірақ көп білем деп айтуға болмайды. Білмегенімізді үйрендік. Енді немере-шөберелеріме үйрететін боламын. Курсымыз жайлы өтті. Емін-еркін әңгімелесіп, сыр шертісе отырып, өткізілген сабақтар арқылы қабылдау жеңіл болды. Әр сабағымызда шәй ішіп, ән айтып көңіл көтеріп отырып үйренуге кірістік. Ұстазымыз қысқаша әңгімелер айтты. Оларды орысшаға аудардық».

56 жастағы Елена Леонтьева аты-жөні, мекенжайынан бастап бірнеше сөйлемді қазақша айтатын дәрежеге жетіп қалғанын жеткізді. - Бұрындары да қазақ тілін үйренгенмін, - деді Елена Леонтьева. - Қоғамдастығымыз бар. Сол ұйымда бірнеше курстар өтті. Бұл жолғы жобада тереңдетіп оқыдық. Жалғауларды, дауысты, дауыссыз дыбыстарды үйрендік. Ән айтып, өлеңдер жаттадық. Сөздік қорым едәуір молайып қалды. Бірнеше сөйлемді еркін айта аламын.

Сондай-ақ «Күн сәулесі» жобасының жетекшісі Шолпан Кенжикова жобаға қатысушылармен табиғат аясында демалуға шығатындарын атап өтті. - Мұндай жандар өздерін ешкімге керексіз сезінбесін, қолдаушылары бар екенін білсін деген ниетпен табиғатқа саяхатқа шықпақпыз. Әңгімелерінің арасында көп сыртқа шықпайтынын да естіп қалдым. Сондықтан 24 тамыз күні курсқа қатысушылармен Усолка шағын ауданы маңына табиғат аясына демалысқа шығатын боламыз, - деді Шолпан Кенжикова.

 Айта кетейік, «Күн сәулесі» жобасы аясында көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға қазақ тілінің грамматикасы, мақал-мәтелдер, өлеңдер, әңгімелер үйретілді.